Қазақстан тарихында тұңғыш рет: алғашқы әкімшілік рақымшылық кімдерге жасалады

2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық аясында 2 мыңнан астам адам босатылған

Қазақстан тарихында тұңғыш рет: алғашқы әкімшілік рақымшылық кімдерге жасалады
Фото: istockphoto.com

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Нұрсұлтан Байтілесов «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасына қолдау білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Рақымшылық – әртүрлі жағдайларға байланысты конституциялық құқықтары шектелген азаматтарға мемлекет тарапынан жасалатын ізгілік актісі. Ол құқық бұзушыны жазадан босатуға немесе оның жаза мерзімін қысқартуға бағытталған. Соңғы жылдары Қазақстанда бірнеше рет рақымшылық жасалды. 2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық аясында 2 мыңнан астам адам босатылып, 11 мыңнан астам сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды. Ал биыл қылмыстық рақымшылықпен қатар, айыппұлдар мен қоғамға айтарлықтай қауіп төндірмейтін құқық бұзушылықтарды қамтитын алғашқы әкімшілік рақымшылық та дайындалып жатыр», – дейді депутат.

Ол сөзін жалғай отырып, халықаралық тәжірибеде кейбір мемлекеттер әкімшілік рақымшылықты реформалар кезеңінде, қоғамдық келісімді жаңарту және құқықтық саясатты ізгілендіру мақсатында қолданатынын айтып өтті.

«Мәселен, Италияда әкімшілік жүктемені азайту және азаматтардың өз міндеттемелерін ерікті түрде орындауын ынталандыру үшін әкімшілік айыппұлдар мен қаржылық санкциялардан босату тетіктері пайдаланылған. Америка Құрама Штаттарында кейбір штаттар берешектерді ерікті түрде реттеген жағдайда әкімшілік санкциялар мен өсімпұлдардан уақытша босату бағдарламаларын жүзеге асырды. Ал Индонезияда әкімшілік-құқықтық рақымшылық тетіктері активтерді заңдастыруға, мемлекеттік институттарға деген сенімді арттыруға және құқықтық кеңістікті кеңейтуге бағытталған ауқымды мемлекеттік реформалардың бір бөлігі ретінде қолданылды. Осылайша, халықаралық тәжірибе әкімшілік рақымшылықтың құқықтық ізгілендірудің, мемлекет пен қоғам арасындағы шиеленісті азайтудың, сондай-ақ заң талаптарын ерікті түрде сақтауды нығайтудың тиімді құралы бола алатынын дәлелдейді», – дейді Байтілесов.

Оның айтуынша, Қазақстан үшін жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша рақымшылық жасау – осындай ауқымдағы алғашқы тәжірибе.

«Біздің әкімшілік рақымшылыққа қатысты ұстанымымыз жоғарыда аталған елдермен салыстырғанда әлдеқайда икемді. Біз соттардың шешімімен салынған айыппұлдарды қоспағанда, азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндірмейтін құқық бұзушылықтар бойынша салынған барлық айыппұлды жою туралы шешім қабылдадық. Менің ойымша, Қазақстандағы әкімшілік рақымшылық – әкімшілік құқық бұзушылықтарды ізгілендіру жолындағы алғашқы қадам», – деп атап өтті ол.

Сөзін жалғай отырып, алдағы уақытта құқық қолдану тәжірибесі оң нәтиже көрсетсе, әкімшілік рақымшылық мәселесіне бұдан да кеңірек тұрғыдан қарауға мүмкіндік туатынын тілге тиек етті.

«Менің пікірімше, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша рақымшылық жасау азаматтардың өз қателіктерін түсінуіне, құқықтық санасының нығаюына және болашақта осындай құқық бұзушылықтарға жол бермеуіне ықпал етеді. Осыны ескере отырып, мен заң жобаларын қолдаймын және әріптестерімді де оларды қолдауға шақырамын», – деп Нұрсұлтан Байтілесов сөзін қорытындылады.