Ұйғыр ауданында әріптестері ер адамды тірідей көміп кеткен: оқиғаның мән-жайы анықталды

Автор: Асыл Арман

Полицияның мәліметінше, қайғылы оқиға ер адамдар ішімдік ішкеннен кейін болған

Фото: «Ақ Жайық»

Алматы облысының Ұйғыр ауданында 27 мамыр күні 29 жастағы ер адам аяусыз өлтіріп кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Марқұмның туыстары жазғандай, оның үш әріптесі «Ulan Hot Spring Resort» демалыс орнының аумағында таспен ұрып-соғып, тірідей көміп тастаған. Мәйіт бірнеше күнге созылған іздеу жұмысынан кейін табылды.

Алдын ала мәліметтер бойынша, алкогольдік ішімдік ішкен ер адамдар арасында жанжал туындаған. Жәбірленушіні соққыға жығып, артынша оның денесін жақын маңға көміп, жасыруға тырысқан.

Алматы облысында екі күдікті анықталып, қолға түсті. Адам өлтіру және қылмысты жасыру бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«27 мамыр күні Ұйғыр ауданының полициясына бір әйел адам жүгінді. Ол 29 жастағы ұлының жұмысына кетіп, содан кейін байланысқа шықпағанын айтып арызданған. Шұғыл түрде іздеу және жедел-іздестіру шаралары ұйымдастырылды. Жоғалған ер адамның денесі жұмыс орны – демалыс аймағының маңынан табылды. Алдын ала мәліметтер бойынша, спирттік ішімдіктер ішкеннен кейін ер адам мен оның әріптестері арасында жанжал туындап, арты төбелеске ұласқан. Адам өлтіру және қылмысты жасыру фактісі бойынша қылмыстық істер қозғалды. Екі күдікті қамауға алынды», – деп хабарлады облыстық ПД.

Айта кетейік, осыған дейін Алматы облысында төрт күн бұрын жоғалған ер адамның мәйіті табылғаны хабарланған.