Алматы облысында төрт күн бұрын жоғалған ер адамның денесі табылды

Із-түзсіз кеткен тұрғынды іздеу жұмыстары бірнеше күнге созылды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын полиция анықтап жатыр

Алматы облысында төрт күн бұрын жоғалған ер адамның денесі табылды
Фото: Ақ Жайық

Алматы облысында Ulan Hot Spring Resort ыстық бұлақтар демалыс орнында жұмыс істеген қызметкердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ақ Жайык»-қа сілтеме жасап.

Марқұмның туыстарының айтуынша, ер адам 23 мамыр күні жұмысқа шығып, содан кейін үйіне оралмаған. Жақындары бірнеше күн бойы оны өз күшімен іздеп, таныстарына хабарласып, тірі табылатынына үміттенген.

27 мамыр күні ер адамның денесі жұмыс орнына жақын аумақтан көмілген күйде табылған.

Қаза тапқан азаматтың туыстары қылмысқа демалыс орнындағы әріптестерінің қатысы болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сондай-ақ отбасы мүшелері ер адам өлер алдында азапталған болуы мүмкін деп күдіктеніп отыр.

Әзірге бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ. Тергеу органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Бұл жағдай әлеуметтік желілерде кең талқыланып, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Желі қолданушылары марқұмның отбасына көңіл айтып, істің жан-жақты әрі ашық тергелуін талап етуде.