Астанада велосипед мінген баланы жүк көлігі қағып кетті
Жасөспірім түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді
Елордада жүк көлігі велосипед мінген баланы қағып кетті. Жасөспірім түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жол апаты Тілендиев даңғылының бойында болған. Алдын ала мәліметтер бойынша, КамАЗ жүк көлігінің жүргізушісі жанармай құю бекетіне қарай оңға бұрылып жатқан сәтте, жаяу жүргіншілер өткелінен велосипедпен өтіп бара жатқан жасөспірімді байқамай қалған.
Жүк көлігінің астына түскен жасөспірім дене жарақаттарын алып, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта аталған жол апаты бойынша полиция тексеріс амалдарын жүргізіп жатыр.
Еске сала кетейік, осыған дейін Тәуелсіздік даңғылында бетон араластырғыш ауыр жүк көлігі Пушкин көшесіне бұрылған сәтте велосипед айдап бара жатқан мектеп оқушысын қағып, бала мерт болған еді.