Ақмола облысында прокуратура 18 млрд теңгелік инвестициялық жобаны сақтап қалды

Бұл жоба аясында өңірде 500 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған 

Ақмола облысында прокуратура 18 млрд теңгелік инвестициялық жобаны сақтап қалды
Фото: © istockphoto.com

Степногорск қаласының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп, өңірдегі ең ірі жобалардың бірін жүзеге асырып жатқан кәсіпкердің құқығын қорғап, құны 18,3 млрд теңге болатын ауқымды инвестициялық жобаны сақтап қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақмола облысы прокуратурасының мәліметінше, инвестициялық жобаға компания мүлкінің арестке қойылуы және банктік есепшоттарының бұғатталуы салдарынан қауіп төнген.

Тексеріс барысында атқарушылық өндіріс шеңберінде сот орындаушысы тарапынан заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталды. Ол компанияның мүлкін бұғаттап, банктегі есепшоттарына шектеу енгізген. Алайда, бұғатталған активтердің құны өндірілуі тиіс қарыз сомасынан айтарлықтай асып кеткені белгілі болды.

«Мұндай заңсыз шаралар кәсіпорынның жедел операциялық қызметін толықтай тығырыққа тіреді. Соның салдарынан инвестициялық жобаның біржола тоқтап қалу қаупі туындады», — деп атап өтті қадағалаушы орган өкілдері.

Бұл жоба аясында өңірде 500 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған болатын. Кәсіпорын тоқтаса, жүздеген жергілікті тұрғын жұмыссыз қалуы мүмкін еді. Прокуратураның араласуынан кейін инвестордың құқықтары толығымен қалпына келтіріліп, негізсіз қойылған барлық шектеу мен арест жойылды, ауқымды жобаның тоқтап қалу қаупі толықтай сейілді.

Қазіргі уақытта кәсіпкерлік пен инвестицияны қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасып, бұл мәселе бақылауда тұр.