27 мамыр күні 55 жастағы ауыл тұрғыны атқа мініп, қырға мал бағуға шыққан соң үйіне оралмаған
Жамбыл облысының Сарысу ауданында мал бағуға шығып, хабар-ошарсыз кеткен ер адамды іздеу бойынша ауқымды жұмыс сәтті аяқталды. Үш тәулік бойы далада қалған бақташы аман-есен табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ТЖД мәліметінше, 2026 жылғы 27 мамырда 55 жастағы ауыл тұрғыны атқа мініп, қырға мал бағуға шыққан соң үйіне қайта оралмаған. Ауқымды іздестіру шараларына ТЖМ құтқарушылары, полиция қызметкерлері, жергілікті әкімдік өкілдері және ауыл тұрғындары ерікті түрде қатысты. Жапан даланы мұқият тексеру үшін пилотсыз ұшу аппараттары, кинологтар мен ізкесуші иттер, сондай-ақ өтімділігі жоғары арнайы техникалар жұмылдырылды.
Іздеу жұмыстарының екінші күні құтқарушылар алдымен бақташының мінген аты мен малын аман-есен тапқан. Алайда ер адамның өзі табылмай, іздестіру шаралары тәулік бойы үзіліссіз жалғасты.
«Бүгін ТЖМ құтқарушылары бақташыны далалық жерден, Ақтоғай ауылынан 7 шақырым жерден тапты. Табылған сәтте ер адам қатты қажыған, шөлдеген және аяқ киімсіз болған», — деп хабарлады ТЖМ өкілдері.
Оған медициналық көмек қажет болған жоқ. Құтқарушылар бақташыны бірден ауылына, туған-туыстарының қасына жеткізді.