Елімізде жыл сайын 300 мыңға жуық хирургиялық ота жасалады — ресми статистика
Қазақстанда осы сала бойынша 1 666 маман еңбек етіп жүр
Семей қаласындағы Медицина университетінің базасында заманауи хирургияның өзекті мәселелеріне арналған «Abai Surgery Plenum» атты хирургтардың ұлттық ғылыми-тәжірибелік пленумы өтті. Алқалы жиында еліміздегі ота жасау көрсеткіші мен медицина саласының даму бағыты сөз болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Маңызды шараға Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов, Абай облысының әкімі Берік Уәли, сондай-ақ еліміздің барлық өңірінен келген жетекші хирургтар, ғалымдар мен медицина қоғамдастығының өкілдері қатысты.
Пленум барысында Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов еліміздегі хирургиялық көмектің ауқымына тоқталды. Оның мәліметінше, бүгінде жекеменшік клиникаларды қоса алғанда, Қазақстанда жыл сайын 250 мыңнан 300 мыңға дейін хирургиялық ота жасалады.
Министрлік өкілі елімізде жоғары технологиялық медициналық көмектің көлемі артып, емдеудің заманауи әдістері белсенді енгізіліп жатқанын атап өтті. Олардың қатарына малоинвазивті технологиялар, лапароскопиялық әдістер және эндоскопиялық оталар жатады.
Сонымен қатар, мекеме елімізде кардиохирургия, нейрохирургия және трансплантология салаларының қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді.
Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша хирургия саласында 1 666 маман еңбек етіп жүр. Кадр тапшылығын жою және буын алмасуын қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
«Биыл, яғни 2026 жылы 400-ден астам жас дәрігер хирургия мамандығы бойынша оқуын тәмамдап, іске кіріседі деп жоспарлануда», — деді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері.
Пленумға қатысушылар хирургиядағы заманауи үрдістерді, жаңа технологияларды енгізуді, медициналық көмектің сапасын арттыруды және өңірлер арасындағы кәсіби өзара іс-қимылды дамыту мәселелерін талқылады. Шара аясында еліміздің жетекші хирургтары марапаттарға ие болды.