Қазақстанда диабетпен ауыратындар саны азайып келеді

2026 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанда 1 және 2 типті қант диабетіне шалдығу көрсеткіші төмендеген

Қазақстанда диабетпен ауыратындар саны азайып келеді
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда 1 және 2 типті қант диабетіне шалдығу көрсеткіші төмендеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында бірінші вице-министр Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомство мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 308,7 болған. Былтыр бұл көрсеткіш 313,5 деңгейінде еді.

Министрлік сырқаттану деңгейінің төмендеуін профилактикалық жұмыстардың күшеюімен және өңірлердегі эндокринологиялық қызметтің дамуына байланыстырып отыр. Емханаларда диагностика және кеңес беру мүмкіндіктері кеңейтіліп, құзырет орталықтары ашылып жатыр. Сонымен қатар диабет мектептері мен бейінді кабинеттер енгізілуде.

«Өңірлерде эндокриндік ауруларды диагностикалау, емдеу және алдын алумен айналысатын құзырет орталықтары ашылып жатыр. Бұл медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деді Тимур Сұлтанғазиев.

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарындағы профилактикалық қабылдаулардың үлесі жоспарланған 27 пайыздың орнына 33,4 пайызға дейін өсті.

Созылмалы ауруы бар пациенттерді динамикалық бақылаумен қамту деңгейі де артқан. Көрсеткіш 12 пайыздан 34 пайызға дейін көтерілген.

Сонымен қатар бірқатар өңірде профилактикалық тексерулер, ауруханаға жатқызу мерзімдері және мақсатты көрсеткіштерді орындау бойынша мәселелер сақталып отыр. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бақылауды күшейтіп, негізгі индикаторларға ай сайын мониторинг жүргізуді тапсырды.