Эйфель мұнарасы жанындағы «Қазақстан» жазуы: СІМ оқиғаға қатысты пікір білдірді
Бұл елдің имиджіне кері әсер етуі мүмкін
Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Эйфель мұнарасына қарсы «Қазақстан» жазуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Егер бұл Францияның ішкі заңнамасын бұзу болып саналса, онда, сөзсіз, заң бұзушылыққа барған адамдар жауапты болады. Егер әрекет заңмен құқық бұзушылық ретінде танылса, бұл – қауіпті жағдай. Менің ойымша, бізде де осындай құқықтық тетік бар. Сондықтан мұндай әрекеттерге жол беруге болмайды, әр елдің заңын сақтау қажет. Сондай-ақ, біздің азаматтар шетелде жүрген кезде сол елдердің заңдарын сақтау міндетті», – деді ол.
Бақаевтың айтуынша, дәл осындай талаптар Қазақстанда жүрген шетел азаматтарына да қойылады.
«Дипломатиялық арналар арқылы бұл мәселелер қарастырылады. Ақпарат толық нақты емес, бірақ мұндай жағдайлар әдетте елшілік пен консулдық арқылы реттеледі. Өйткені өңірлердегі жергілікті органдар Қазақстан азаматтары заң бұзған жағдайда елшілікке хабар береді. Осы тұрғыдан алғанда, мұндай жағдайлар елшілік пен консулдық қызметтердің қатысуымен қаралады», – деді ол.
Әлібек Бақаев өз сөзінде кез келген елде ішкі заңнаманы бұзу сол мемлекеттің имиджіне әсер ететінін айрықша атап өтті.
«Біз де мұны сол тұрғыдан бағалаймыз», – деді ол.
Айта кетейік, Париждегі әйгілі Эйфель мұнарасына қарсы тарапта осыған дейін «Дагестан», «Чечня» және «Қазақстан» деген жазулар болған. Бұл әлеуметтік желіде вандализм деп кеңінен талқыланды.