Жазғы демалыс басталды: ІІМ ата-аналарға маңызды ескерту жасады
Ведомство жазғы маусымның басталуына байланысты азаматтарға үндеу жасады
Жазғы демалыстың басталуына байланысты Қазақстанның Ішкі істер министрлігі азаматтарға үндеу жасап, балалар қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ведомство өкілдері каникул кезінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын оқиғалар саны едәуір артатынын еске салды. Бұл уақытта балалардың қараусыз қалуы, құқыққа қайшы жағдайларға тап болуы, жол-көлік оқиғасына ұшырауы немесе су айдындары мен тұрмыстық жағдайда зардап шегуі жиілейді.
«Цифрлық қауіпсіздік мәселесіне байланысты ата-аналарға да арнайы үндеу жасаймыз. Қазіргі таңда балалар уақыттарының басым бөлігін интернетте өткізеді. Сондықтан ата-аналар баласының қандай сайттарға кіретінін, әлеуметтік желіде кімдермен сөйлесетінін, буллингке, психологиялық қысымға немесе қауіпті контенттің ықпалына ұшырап жүрмегенін бақылауы қажет. Балаларды тәрбиелеу жауапкершілігі ата-аналардың мойнында екенін еске саламыз. Педагогтерді де демалыс кезінде отбасылармен байланысты үзбеуге, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға назар аударуға және алаңдатарлық белгілерге дер кезінде әрекет етуге шақырамыз», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ ІІМ кәмелетке толмағандарға алкоголь мен темекі өнімдерін сату, олардың түнгі уақытта ересектерсіз көшеде немесе ойын-сауық орындарында жүру фактілерінің жолы кесілетінін ескертті.