28 мамырда бірнеше өңірде дауылды ескерту жарияланды
Нөсер жаңбыр, бұршақ және секундына 28 метрге дейін жететін күшті жел күтіледі
28 мамырда Астана мен Қазақстанның 17 өңірінде дауылды ескерту жарияланды. Бірқатар облыста найзағай ойнап, нөсер жаңбыр жауады, кей жерлерде бұршақ пен дауыл күтіледі. Кей өңірлерде жел екпіні секундына 28 метрге дейін жетеді. Сонымен қатар жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.
Астанада жаңбыр жауып, найзағай болады, күндіз бұршақ түсуі мүмкін. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Ақмола облысында жаңбыр мен найзағай күтіледі, түнде облыстың батысында, күндіз солтүстігі мен шығысында қатты жаңбыр жауып, бұршақ пен дауыл болуы ықтимал. Жел оңтүстік-шығыстан соғып, кейін оңтүстік-батысқа ауысады, кей жерлерде екпіні 28 м/с-қа дейін жетеді. Облыстың батысы мен оңтүстігінде жоғары өрт қаупі, оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталады. Көкшетауда да кей уақытта жаңбыр жауып, найзағай, бұршақ және дауыл болады.
Солтүстік Қазақстан облысында түнде оңтүстік-батыста, күндіз өңірдің басым бөлігінде жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Желдің екпіні күндіз 28 м/с-қа дейін күшейеді. Батыс және солтүстік-шығыс аудандарда жоғары өрт қаупі сақталады. Петропавлда күндіз жаңбыр, найзағай, бұршақ болады.
Қостанай облысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, өңірдің батысы мен солтүстігінде қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл болуы мүмкін. Жел екпіні кей жерлерде 28 м/с-қа дейін жетеді. Облыстың солтүстік-батысы, батысы, оңтүстігі мен шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.
Павлодар облысында түнде облыстың батысы мен оңтүстігінде, күндіз бірқатар ауданда жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Солтүстік-шығыста төтенше өрт қаупі сақталады. Павлодарда күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Қарағанды облысында күндіз жаңбыр, найзағай және дауыл болады, шығыс пен оңтүстікте қатты жаңбыр мен бұршақ күтіледі. Кей аумақта желдің екпіні 28 м/с-қа дейін жетеді. Облыста жоғары, ал солтүстік пен оңтүстікте төтенше өрт қаупі сақталады. Қарағандыда таңертең және күндіз жаңбыр мен найзағай болады.
Ұлытау облысында түнде жаңбыр мен найзағай күтіледі, күндіз солтүстік және шығыс аудандарда бұршақ пен дауыл болуы ықтимал. Облыстың шығысында, оңтүстігі мен орталығында төтенше өрт қаупі сақталады. Жезқазғанда түнде және таңертең жаңбыр жауады.
Шығыс Қазақстан облысында түнде облыстың солтүстігінде, күндіз көптеген ауданда жаңбыр мен найзағай болады. Солтүстік пен шығыста қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл күтіледі. Өңірдің батысы мен оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады. Өскеменде де жаңбыр мен найзағай болады.
Абай облысында түнде шығыс пен орталықта, күндіз өңірдің басым бөлігінде жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болады. Оңтүстікте қатты жаңбыр күтіледі. Облыста жоғары, ал шығысында төтенше өрт қаупі сақталады. Семейде күндіз жаңбыр мен найзағай болады.
Алматы облысында түнде оңтүстік пен таулы аймақтарда қатты жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз де жаңбыр сақталып, кей жерде бұршақ пен дауыл болуы мүмкін. Облыстың солтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады. Алматыда жаңбыр мен найзағай күтіледі, Қонаевта жел екпіні 25 м/с-қа дейін жетеді.
Жетісу облысында оңтүстік, шығыс, орталық және таулы аудандарда жаңбыр мен найзағай болады. Шығыс пен тауда қатты жаңбыр жауып, бұршақ түсуі ықтимал. Шығыста төтенше өрт қаупі сақталады. Талдықорғанда күндіз жаңбыр мен найзағай күтіледі.
Жамбыл облысында түнде және күндіз өңірдің бірқатар бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Таулы аудандарда қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл күтіледі. Желдің екпіні кей жерде 28 м/с-қа дейін жетеді. Таразда таңертең және күндіз жаңбыр жауып, найзағай болады.
Түркістан облысында түнде және таңертең облыстың батысы, солтүстігі, тау және тау бөктеріндегі аудандарда жаңбыр, найзағай және дауыл болады. Солтүстікте қатты жаңбыр мен бұршақ күтіледі. Облыстың солтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады. Шымкент пен Түркістанда да жаңбыр мен найзағай болады.
Қызылорда облысында түнде және таңертең оңтүстік, шығыс және орталық аудандарда жаңбыр, найзағай және дауыл күтіледі. Солтүстік пен орталықта шаңды дауыл болуы мүмкін. Өңірдің оңтүстігі мен солтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады. Қызылордада түнде жаңбыр мен найзағай болады.
Ақтөбе облысында түнде солтүстік пен шығыста, күндіз батыс, солтүстік және оңтүстік аудандарда жаңбыр жауып, найзағай болады. Облыстың оңтүстігі мен шығысында төтенше өрт қаупі сақталады. Ақтөбеде желдің екпіні 20 м/с-қа дейін күшейеді.
Атырау облысында жаңбыр мен найзағай болады, күндіз оңтүстік пен шығыста қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл күтіледі. Кей жерде желдің екпіні 28 м/с-қа дейін жетеді. Өңірдің орталығы мен солтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталады. Атырауда кей уақытта жаңбыр жауады.
Маңғыстау облысында солтүстік пен шығыста жаңбыр мен найзағай күтіледі. Түнде және таңертең батыста тұман түседі. Солтүстік пен орталықта шаңды дауыл болуы мүмкін. Солтүстік-шығыс бөлікте төтенше өрт қаупі сақталады. Ақтауда түнде және таңертең тұман болады.
Батыс Қазақстан облысында түнде облыстың солтүстігі, шығысы және оңтүстік-батысында жаңбыр мен найзағай болады. Күндіз жауын-шашын жалғасып, кей жерде бұршақ пен дауыл күтіледі. Өңірдің батысы, солтүстігі мен шығысында жоғары өрт қаупі сақталады. Оралда күндіз жаңбыр жауып, найзағай болады.