Үкімет Арқалықтың жылу және электр желілерін жаңғыртуға қаржы бөлді
Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды
Қазақстан Үкіметі Қостанай облысындағы Арқалық қаласының жылу магистральдары мен электр желілерін жаңғыртуға 5,8 миллиард теңге бөлді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бөлінген қомақты қаражат қаланың инфрақұрылымын қалпына келтіру жұмыстарын аяқтауға бағытталады. 3 миллиард теңге электр желілерін реконструкциялауға, ал 2,8 миллиард теңге ұзындығы 8,3 шақырым болатын жылу магистралін жаңғыртуды аяқтауға бөлінді.
Үкіметтің бұл қадамға баруына апаттық жағдайдың жоғары болуы себеп. Арқалықтағы желілердің басым бөлігі 1970 жылдардан бері пайдаланылып келеді және әбден тозығы жеткен.
Электр желілерін жаңарту жобасы аясында үш қосалқы станция реконструкцияланады. Сондай-ақ кернеуі 110, 35 және 10 кВ болатын электр беру желілері салынып, жөндеуден өтеді. Жоба аясында 37,8 шақырымдық учаскедегі ескі ағаш тіректер темірбетон бағаналарға ауыстырылмақ.
«Бұл модернизация Арқалық қаласының, сондай-ақ Қостанай облысының Жангелдин және Амангелді аудандарының 58 мың тұрғынын үздіксіз жылумен және электр қуатымен қамтамасыз етуге тиіс», — деп атап өтті мекеме өкілдері.
Айта кетейік, бұған дейін 2025 жылы қаланың жылу желілерін жөндеуге 914 миллион теңге бағытталып, 1,6 шақырым желі жаңартылған болатын. Ағымдағы қайта құру кезеңі аяқталғаннан кейін жылу желілерінің тозу деңгейі 25% төмендейді деп жоспарлануда.