Астанада 1-сыныпқа құжат қабылдау басталды

Құжаттарды қабылдау науқаны 2026 жылдың 31 тамызына дейін жалғасады

Астанада 1-сыныпқа құжат қабылдау басталды
Фото: © istockphoto.com

Елорданың білім беру ұйымдарында балаларды 1-сыныпқа қабылдау науқаны ресми түрде басталды. Құжаттарды өткізу кезеңі 2026 жылғы 27 мамырда басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, ата-аналар құжаттарды екі түрлі тәсілмен тапсыра алады. Құжаттарды офлайн форматта тікелей таңдалған мектепке барып тапсыруға болады. Сондай-ақ онлайн форматта арнайы электронды платформа арқылы өтініш беру мүмкіндігі қарастырылған.

Қазіргі уақытта онлайн-қабылдау жүйесі штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Дегенмен, кейбір техникалық іркілістерге байланысты платформада сәйкестендіру және жөндеу жұмыстары қосымша жүргізіліп жатқаны хабарланды.

Баланы 1-сыныпқа тіркеу үшін ата-аналар немесе заңды өкілдер ата-ананың немесе заңды өкілдің өтінішін, №065/у нысанындағы медициналық анықтаманы, баланың №052-2/у нысанындағы денсаулық құжатын және көлемі 3×4 см болатын екі дана фотосуретті ұсынуы қажет.

Мектепке құжаттарды қабылдау науқаны 2026 жылдың 31 тамызына дейін жалғасады. Мамандар орындардың шектеулі болуына байланысты құжаттарды уақытылы тапсыруға кеңес береді.