Атырау облысында аудан әкімінің орынбасары жол апатынан мерт болды

Ерболат Иғалидің артында бес баласы қалды

Атырау облысында аудан әкімінің орынбасары жол апатынан мерт болды
Фото: © istockphoto.com

Атырау облысында болған жол апаты салдарынан Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Иғали өмірден озды. Шенеунік 45 жасында көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ақжайыққа» сілтеме жасап.

Қайғылы жағдай 2026 жылғы 27 мамырда таңертең болған. Мәліметтерге сәйкес, Ерболат Иғали жүргізушісімен бірге жұмысқа бара жатқан. Сол мезетте қызметтік автокөлік тас жолда аударылып кеткен.

Апат салдарынан аудан әкімінің орынбасары оқиға орнында қайтыс болды. Көлікті тізгініндегі азамат аман қалды. Қаралы хабарды Атырау облысының әкімдігі ресми түрде растап, марқұмның жақындарына көңіл айтты.

«Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Айдынғалиұлы Иғалидің кенеттен қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына, туған-туыстары мен әріптестеріне қайғырып көңіл айтамыз», – делінген ресми хабарламада.

Ерболат Иғали келесі айда 46 жасқа толуы керек еді. Артында бес баласы қалды. Ол еңбек жолын жергілікті газеттің тілшісі ретінде бастаған. Мемлекеттік қызметтегі белсенді еңбегінен кейін, 2023 жылғы 30 қаңтарда Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалған болатын.