Мұғалімдер мектептегі сыныптарды өз ақшасына жөндеуге міндетті емес – министр

Оған арнайы бюджет қарастырылған

Мұғалімдер мектептегі сыныптарды өз ақшасына жөндеуге міндетті емес – министр
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Мұғалімдер мектеп кабинеттерін өз қаражатына жөндеуге міндетті емес. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, мектептегі күрделі жөндеу жұмыстарына бюджеттен арнайы қаржы қарастырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ешқандай ұстаз өзінің жеке қалтасынан мектептегі қарапайым немесе күрделі жөндеуге қаражат бөлуге міндетті емес. Бұл – заңға қайшы», – деді ол.

Сүлейменованың сөзінше, мектептерді жөндеу мәселесі жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіреді. Әкімдіктер жыл сайын жөндеуді қажет ететін мектептердің тізімін жасап, оны үш жылдық бюджетке енгізеді. Соның негізінде республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді. Министр әлеуметтік желілерде мұғалімдерден осындай шағымдар түсіп жатқанын да айтты. Алайда оның айтуынша, тексеру барысында нақты фактілер расталмаған.

«Қазір осы эфирді пайдалана отырып айтқым келеді, бұл тек ұстаздарға ғана емес, техникалық қызметкерлерге де қатысты. Бұған арнайы бюджет қаражаты қарастырылған. Аудандық, облыстық және қалалық деңгейде бөлінген қаржы бар», – деді Жұлдыз Сүлейменова үкіметтегі брифингте.

Сондай-ақ ол мұғалімдер мұндай жағдайға тап болса, әлеуметтік желі немесе ресми өтініш арқылы хабарласа алатынын жеткізді. Оның айтуынша, көп педагог аты-жөнін жарияламауды сұрағанымен, әрбір шағым зерделенеді.