Министр биыл қандай мамандықтарға грант көп бөлінетінін айтты

Мемлекеттік грант тапшы кадрларға қарай бейімделеді

Министр биыл қандай мамандықтарға грант көп бөлінетінін айтты
Фото: istockphoto.com

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек үкімет отырысында биыл қандай мамандықтарға грант көп бөлініп отырғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Биыл жоғары білімді кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі алдыңғы оқу жылдарының деңгейінде сақталады. 2026–2027 оқу жылына 89 457 мемлекеттік грант бөлінді. Оның ішінде 75 371 грант бакалавриатқа, 11 007 грант магистратураға, 3 079 грант докторантураға. Грант ел экономикасының 2030 жылға дейінгі кадрларға деген қажеттілік болжамымен үйлесе, бөлінді», - дейді Саясат Нұрбек.

Министр атағандай, Қазақстанға болжам бойынша 883 мыңнан астам маман қажет болмақ.

«Оның ішінде 530 мыңы инженерлік кадрлар, 185 мыңнан астамы педагогикалық кадрлар, 168 мыңға жуығы өзге салалардың мамандары. Сондықтан гранттарды бөлген кезде инженерлік, IT, аграрлық, педагогикалық және жаратылыстану бағыттарына басымдық бердік. Гранттардың 60% инженерлік-техникалық, IТ және ауыл шаруашылығы мамандықтарына, ал, 21% педагогикалық кадрларды даярлауға бөлінді», - деді министр.

Ол атағандай, мемлекеттік тапсырыс бүгінде тек білім беруді қаржыландыру тетігі ғана емес, кадрлық саясат пен экономикалық дамудың маңызды құралына айналып отыр.