Шетел азаматы 100-ден аса есірткі капсуласын жұтып, Қазақстанға өтпек болған
Екі айға жуық уақытта ондаған тонна есірткі табылды
Қазақстанда есірткі арналарын жою бойынша ауқымды операция жүргізілді: сәуірден бері 9 халықаралық және 2 өңірлік жеткізу жолы тоқтатылып, Ақтау мен Астана әуежайларында ірі көлемдегі есірткімен күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, биыл сәуір айынан бастап есірткі жеткізудің 9 халықаралық және 2 өңірлік арнасы жойылды, 1 фитозертхананың қызметі залалсыздандырылды.
Ақтау қаласының әуежайында шетелдік азамат жалпы салмағы 1 кг болатын 114 апиын капсуласын денесіне жасырып өткізбек болған. Елорда әуежайында Оңтүстік Азия елдерінің бірінен 12 кг гашиш майын жеткізген қазақстандық ұсталды.

Бұдан бөлек, ірі көлемдегі «көкнәр сабағын» контрабандалық жолмен алып өтуге және таратуға, сондай-ақ аталған шикізаттан есірткі құралдарын өндіруге күдікті адамдардың тұрақты қылмыстық тобының құқыққа қайшы әрекетінің жолы кесілді.
Барлығы 3,4 кг апиын, 9 кг гашиш, 11,4 кг синтетикалық есірткі, 18,5 кг гашиш майы, 26,4 кг марихуана, 110 г кокаин және 20 тонна көкнәр сабаны, сондай-ақ 150 литрден астам прекурсор тәркіленді.
«Аталған құқық бұзушылықтарды жасады деген күдікпен ҚР 23 азаматы және 3 шетелдік ұсталды. Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген ҰҚК хабарламасында.