Түркістан облысының тұрғыны аса ірі мөлшерде есірткі сақтағаны үшін үш-ақ жылға сотталған
Бас прокуратура сот үкіміне наразылық білдіріп, іс қайта қарауға жіберілді
Түркістан облысының тұрғыны аса ірі мөлшерде мефедронды заңсыз сақтап, тасымалдағаны үшін небәрі 3 жылға сотталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мефедронның жалпы салмағы – 200 грамм. Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен ол 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.
Сот актісінің заңдылығын тексеру кезінде сотталғанның қылмыстық іс-әрекеті дұрыс сараланбағаны анықталды. Өйткені оның әрекетінде ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігінің 1), 3) тармақтарымен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы бар екені, яғни адамдар тобының алдын-ала сөз байласуымен, аса ірі мөлшердегі мефедронды өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау және тасымалдау белгілері көрінеді.
«Бас прокуратураның кассациялық наразылығы бойынша үкімнің күші жойылып, қылмыстық іс жаңадан сот қарауына жіберілді. Аталған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін назарға саламыз», – делінген прокуратураның хабарламасында.