«Бала клиникалық өлім жағдайында болды»: Қостанайда бассейнге батып кеткен 5 жасар баланы дәрігерлер аман алып қалды

Бассейннің түбінде жатқан баланы демалушылардың бірі байқап қалған

«Бала клиникалық өлім жағдайында болды»: Қостанайда бассейнге батып кеткен 5 жасар баланы дәрігерлер аман алып қалды
Фото: © freepik.com

Қостанайдағы термопарктердің бірінде 5 жастағы бала бассейнге батып кете жаздады. Оқиға демалыс аймағында, қала тұрғындары мен баланың ата-анасы жүрген жерде болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Куәгерлердің айтуынша, баланы бассейн түбінен демалушылардың бірі байқап қалған. Сол жерде болған адамдар жедел жәрдем жеткенше алғашқы көмек көрсетіп, реанимациялық шараларды бастаған.

Қостанай облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, 103 қызметіне шақырту сағат 16:17-де түскен. Алғашқы бригада оқиға орнына 16:21-де жеткен. Жағдайдың ауырлығына байланысты қосымша тағы бір бригада жіберілген.

«Дәрігерлер жеткен кезде бала клиникалық өлім жағдайында болды. Бригада реанимациялық шараларды сәтті жүргізіп, жүрек соғысын қайта қалпына келтірді», – деп хабарлады жедел жәрдем қызметі.

Дәрігерлер баланың жағдайын тұрақтандырғаннан кейін оны облыстық балалар ауруханасына шұғыл жеткізген. Қазір бала жансақтау бөлімінде мамандардың бақылауында жатыр.