Шымкентте жаңа әмбебап жедел қызметтер кешені ашылды

Бұл нысан 17 мыңнан астам адамға қызмет көрсететін болады

Шымкентте жаңа әмбебап жедел қызметтер кешені ашылды
Фото: ТЖМ

Шымкент қаласының Бозарық шағынауданында өрт сөндіру қызметі, жедел жәрдем және полиция бөлімшесін бір жерге шоғырландырған жаңа әмбебап шұғыл әрекет ету кешені іске қосылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Салтанатты шараға Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Берік Беркімбаев, азаматтық қорғау ардагерлері мен шұғыл қызмет өкілдері қатысты.

Бұл мегаполисте ашылған осындай төртінші кешен. Бұған дейін іске қосылған үш орталық жарты жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп, бірлескен қызметтің жоғары тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Мамандардың бір ғимаратта орналасуы шақыртуларға жауап беру уақытын айтарлықтай қысқартады. Сондай-ақ бұл тәсіл төтенше жағдайлар кезінде іс-қимылды өзара жедел үйлестіріп, тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді.

Жаңа нысанның құрамында №12 өрт сөндіру бөлімі, учаскелік полиция пункті және жедел медициналық жәрдем базасы жұмысын бастады. Шымкент әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан жоба аясында қызметкерлер үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Кешенде қызметтік кабинеттер, оқу класы, асхана, спорт алаңы, сондай-ақ құтқарушыларды даярлауға арналған арнайы жайлар мен оқу мұнарасы қарастырылған. Арнайы техникалар үшін заманауи гараждар мен қалқалар тұрғызылды.

Жаңа әмбебап кешен Бозарық шағынауданының 17 мыңнан астам тұрғынына қызмет көрсететін болады. ТЖМ басшылығы бұл нысан қала тұрғындарының қауіпсіздік деңгейін жаңа сатыға көтеретінін атап өтті.