Қарағандыда жол апатынан 20 жастағы бойжеткен қаза тапты
Қайғылы жағдай 23 мамыр күні түнде болған
Қарағанды қаласында жеңіл көлік жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жол апаты салдарынан жас бойжеткен алған жарақаттарынан оқиға орнында тіл тартпай кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қайғылы жағдай 23 мамыр күні түнде Университет көшесінде, Ә.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің жатақханасының маңында болған.
33 жастағы жүргізуші Lada маркалы автокөлігімен келе жатып, жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Көлік астына түскен 20 жастағы бойжеткенге жедел жәрдем келгенше медициналық көмек көрсетілгенімен, ол оқиға орнында жан тапсырды.
Аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта апаттың нақты себептерін анықтау үшін қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Қарағанды облысының Полиция департаменті қайғылы жағдайлардан сақтану үшін жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жолдарда барынша мұқият әрі жауапты болуға шақырады.