Қазақстандық құтқарушылар Тәжікстандағы халықаралық оқу-жаттығуға аттанды
Бұл шара «Су және климаттық тәуекелдер: ғылым, мониторинг және басқару» өңірлік форумы аясында ұйымдастырылып отыр
Қазақстан ТЖМ құтқарушылары Тәжікстан Республикасында өтетін жер сілкінісі салдары мен климаттық тәуекелдерге әрекет ету жөніндегі халықаралық көпжақты оқу-жаттығуға аттанды. Бұл шара Орталық Азия елдерінің трансшекаралық төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылын пысықтауға бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дүбірлі жиынға еліміздің бірнеше өңірінен тәжірибелі мамандар жұмылдырылды. Тәжікстанға аттанған ведомстволық делегация құрамына бірнеше құтқару және медициналық бөлімшенің өкілдері енді. Атап айтқанда, сапарға «Барыс» республикалық құтқару қызметінің мамандары, Алматы қаласы ТЖД «Құтқару қызметінің» қызметкерлері, Қарағанды облысы мен Шымкент қаласы ТЖД өкілдері қатысты. Сонымен қатар, делегация құрамында ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері мен қызметкерлері де бар.
Халықаралық оқу-жаттығу «Су және климаттық тәуекелдер: ғылым, мониторинг және басқару» өңірлік форумы аясында ұйымдастырылып отыр. Мақсат – жойқын жер сілкінісі бола қалған жағдайда мемлекетаралық әрекет ету алгоритмдерін кешенді түрде пысықтау.
Қойылған міндеттерді сапалы орындау үшін отандық құтқарушылар жоғары өтімді заманауи техникаларды, сондай-ақ арнайы гидравликалық апаттық-құтқару құралдарын пайдаланады. Сонымен қатар экстремалды жағдайларда радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс құралдары, мамандандырылған альпинистік және сүңгуірлік жабдықтар іске қосылады.
Қазақстандық мамандардың бұл шараға қатысуы Орталық Азия мемлекеттерінің бейінді қызметтері арасындағы үйлестіру деңгейін арттырмақ.