Балқаштағы дәмханалардың бірінде атыс болды: бір адам зардап шекті

Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысушылардың жеке тұлғасын анықтады

Балқаштағы дәмханалардың бірінде атыс болды: бір адам зардап шекті
Фото: © istockphoto.com

Балқаш қаласындағы дәмханалардың бірінде келушілер арасында жанжал шығып, соңы атысқа ұласқан. Оқиға салдарынан мекеменің қызметкері зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, оқиға 21 мамыр күні түн ортасына таман болған. Өзара таныс ер адамдар арасында басталған сөз таласы төбелеске ұласып, соңында олар травматикалық қару қолданған.

«Бұзақылық салдарынан дәмхананың даяршысы денені тесіп өтпеген оқ жарақатын алды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысушыларды анықтады», - деп хабарлады мекеме өкілдері.

Қазіргі уақытта криминалдық полиция күдіктілердің қайда жүргенін анықтау және оларды құрықтауға бағытталған кешенді жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Тергеу амалдарының барысын Қарағанды облысы Полиция департаментінің басшылығы өз бақылауына алды. Тергеу мүддесіне сай басқа ақпарат жария етілмейді.