Қостанай облысында бес қабатты үйден өрт шықты
14 тұрғын қауіпсіз жерге шығарылды
Қостанай облысының Рудный қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде өрт шықты. Тілсіз жаумен күрес кезінде бірнеше тұрғын шұғыл эвакуацияланған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдай Рудный қаласындағы Космонавттар көшесінде орналасқан бес қабатты тұрғын үйдің төртінші қабатындағы пәтерлердің бірінде болған.
Төтенше жағдайлар департаментінің күштері оқиға орнына жедел жетіп, құтқару жұмыстарына кіріскен. Өрт сөндіру автосатысының көмегімен 4 адам аман-есен құтқарылды. Сонымен қатар, үйдің баспалдақ маршы арқылы тағы 14 тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді, олардың төртеуі бала екені анықталды.
Құтқарушылардың үйлесімді әрекетінің арқасында жалын өршіп кетпей, 20 шаршы метр аумақта толық ауыздықталды. Қазіргі таңда мамандар пәтердегі өрттің шығу себебін анықтау үстінде.