Әскери қызметшілердің декреті: бос орын мәселесі енді заңмен реттеледі
Енді олардың орны бос қалмайды
Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев депутаттар көтерген ұсыныстардың пайдалы екенін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мысалы, біз қазір ғана талқылаған мәселе – әскери қызметшілердің декреттік демалысқа шығуы. Бұл бұрын белгілі бір қиындық тудыратын. Себебі әскери қызметші кеткен кезде оның орны бос қалады, ал ол орын өте маңызды – жауынгерлік дайындыққа, сарбаздардың оқу-жаттығуына тікелей әсер етеді. Сол себепті бұл орынды бос қалдыруға болмайды деп есептеймін», – дейді Ахмедиев.
Оның айтуынша, адам декреттік демалысқа шыққанда оның орнын ауыстыруда белгілі бір қиындықтар болады.
«Қазір осы нормалар бізге сол олқылықтарды жабуға мүмкіндік береді. Одан бөлек, әскери қызметшілерді қолдауға арналған қосымша пакеттер қарастырылған. Соның ішінде төтенше жағдайларға тартылған жағдайда үш еселенген жалақы төлеу тетігі бар. Сонымен қатар бітімгерлік миссияларға қатысты нормалар енгізілді. Қазір олар жеделдетілген тәртіппен жалақыларын алуға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге мүмкіндік алады. Қайтып келгеннен кейін санаторий-курорттық емделу қарастырылған. Жалпы алғанда, бізде үш еселенген еңбекақы төлеу де бар. Бұл тек негізгі төлемнен бөлек қарастырылып отыр. Яғни әрбір норма өз орнымен енгізілген және нақты мақсатқа қызмет етеді», – деді ол.