«BIR TOLQYNDA»: Маңғыстау облысында жастармен кездесу өтті

Кездесу барысында жастар саясаты, қоғамдағы белсенділік, азаматтық ұстаным, жастарға арналған жобалар талқыланды

«BIR TOLQYNDA»: Маңғыстау облысында жастармен кездесу өтті
Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Маңғыстаудағы Yessenov University алаңында «AMANAT» партиясының Жастар қанаты «BIR TOLQYNDA» аясында студент жастармен кездесу ұйымдастырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс-шараға «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты төрағасының орынбасары Ержан Хамитов, танымал кино және театр актерлері Дәурен Серғазин, Әділ Ахметов, Жастар Рухы» Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Абзал Марат, «Жастар Рухы» ЖҚ бөлімше жетекшілері, облыстық техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің студент жастары, қоғам белсенділері мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. 

Кездесу барысында жастар саясаты, қоғамдағы белсенділік, азаматтық ұстаным, жастарға арналған жобалар мен жаңа мүмкіндіктер төңірегінде ашық пікір алмасу  өтті. «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты төрағасының орынбасары Ержан Хамитов жастарды қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуға шақырып, ұйым жүзеге асырып жатқан жобаларға тоқталды.

«AMANAT» партиясының жастар қанаты түрлі бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Әлеуметтік, патриоттық, мәдени-көпшілік, спорттық, қайырымдылық бағыттарындағы жобаларға мыңдаған жас жұмылып жүр. «Жастарға жұмыс», «Менің елім – Менің тілім», «Qaisar», «Таза Қазақстан», «Есірткіге жол жоқ!» сынды партиялық жобалар және жастарды қолдауға арналған республикалық, аймақтық кеңестер – бүгінде нақты нәтиже көрсетіп отырған бастамалар. Бұл – атқарылып жатқан жұмыстың бір ғана бөлігі. Бүгінде жобалар еліміздің 20 өңірінде қарқынды жүзеге асырылуда. Оның артында сіздер секілді білімді, белсенді, ел болашағына бейжай қарамайтын жастар тұр. Мұнда әр пікір маңызды, әр ұсыныс құнды.  Қазіргі қоғамға жаңа идея ұсынатын, жауапкершілікті сезінетін, өзгеріске бастай алатын буын қажет. Сондықтан біз әрбір жастың бастамасын қолдауға дайынбыз», – деді Ержан Хамитов. 

Кездесу барысында танымал кино және театр актері Дәурен Серғазин де сөз сөйлеп, жастарға жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, өзін дамыту және қоғамнан өз орнын табудың маңыздылығына тоқталды. 

«Бүгінгі жастар – ертеңгі елдің келбеті. Қай салада болмасын еңбек етуден қорықпау керек. Әр адамның өзін дамытуына, жаңа орта қалыптастыруына, тәжірибе жинауына қазір мүмкіндік көп. Осындай алаңдар жастардың ойын ашық айтып, жаңа орта табуына жол ашады. Ең бастысы – әрекеттен қорықпау. Көріп тұрғанымдай рухтастар да дәл осындай әрдайым белсенді, ел дамуына үлес қосуға дайын. Жастардың бастамасына серпін беретін, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын осындай ортаның болғандығы қуантады»,– деді актер.

Өз кезегінде «Жастар Рухы» Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Абзал Марат жастарды қоғамдық саяси бастамаларға белсенді араласуға шақырды.

«Біздің өңірдің жастары азаматтық ұстанымымен және қоғамға бейжай қарамайтын қасиетімен ерекшеленіп келеді. Бүгінгі кездесудің басты мақсаты  ашық пікір алмасу, жаңа бастамалар мен нақты ұсыныстарды бірге талқылау, сондай-ақ «AMANAT» партиясының жастарды қолдауға бағытталған бастамалары мен жобаларымен кеңінен танысу», – деді Абзал Марат. 

Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде бүгінде бес факультетінде төрт мыңнан астам студент 22 мамандық бойынша білім алуда.

Айта кетейік, жуырда ғана Маңғыстау облысында «Жастар Рухы» Жастар қанатының 25 жаңа бөлімшесі ашылған болатын. Бүгінде ұйым өңір жастарын қоғамдық бастамаларға тарту, жастар саясатын дамыту, еріктілік мәдениетін қалыптастыру және жастардың азаматтық белсенділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. 

Жастар қанаты өкілдерінің айтуынша, «BIR TOLQYNDA» аясындағы мұндай ашық дәрістер Астана, Алматы қалаларында және Алматы облысының Талғар ауданында өтті. Алдағы уақытта басқа өңірлерде де өту жоспарлануда. Бұл дәрістер жастардың пікір алмасуына, жаңа идеяларды талқылауына және қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық форматта көтеруіне мүмкіндік беретін маңызды диалог алаңына айналды.