Әрі әкім, әрі депутат бола алмайды: Сайлау заңына қандай шектеулер енгізілді

Әкім сайлауында кандидаттар тең дауыс жинаған жағдайда қайта дауыс беру тәртібі реттеледі

Әрі әкім, әрі депутат бола алмайды: Сайлау заңына қандай шектеулер енгізілді
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Парламент сайлау және прокуратура туралы заңнаманы жетілдіруге бағытталған Конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Құжат «Қазақстан Республикасының заңнамасын Конституцияға сәйкес келтіру, сайлау және прокуратура туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша кейбір конституциялық заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң аясында әзірленген. Түзетулер өткен сайлау науқандары кезінде анықталған мәселелерді ескере отырып ұсынылған.

Заңда әкімшілік-аумақтық бірліктер қайта құрылған жағдайда сайлау комиссияларының өкілеттіктерін сақтау және оларды беру тәртібі нақтыланған. Сонымен қатар аумақтық сайлау комиссиясы мүшелері бала күтіміне немесе оқу демалысына шыққан кезде олардың өкілеттігін уақытша тоқтатып, орнына уақытша мүше тағайындау тетігі енгізіледі.

Бұдан бөлек, әкім сайлауында кандидаттар тең дауыс жинаған жағдайда қайта дауыс беру тәртібі реттеледі. Сондай-ақ кандидаттарды ұсыну процесіне де шектеулер енгізілген. Енді бір адам бір уақытта әрі мәслихат депутаттығына, әрі әкімдікке кандидат бола алмайды. Сонымен бірге бірден бірнеше сайлау округі бойынша әкімдікке үміткер ретінде тіркелуге тыйым салынады.

Түзетулерде интернет кеңістігіндегі сайлауалды үгіт мәселесіне де ерекше назар аударылған. Кандидаттарға үгіт материалдарын өз интернет-ресурстарында және онлайн-платформалардағы парақшаларында жариялауға рұқсат беріледі. Алайда кандидаттар мен саяси партияларға сайлау қорынан тыс қаржы тартуға тыйым салынады.

Сонымен қатар Орталық және аумақтық сайлау комиссияларының құзыреті кеңейтілді. Егер дауыс беру, дауыстарды санау немесе қорытынды шығару барысында Конституциялық заң талаптары бұзылса, жекелеген сайлау учаскелерінде немесе әкімшілік-аумақтық бірліктерде сайлауды жарамсыз деп тану мүмкіндігі қарастырылған.

Заңда үздіксіз өндірістік циклмен жұмыс істейтін ұйымдарда және вахталық әдіспен еңбек ететін орындарда сайлау учаскелерін ашу нормасы да енгізілген. Бұл азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Сондай-ақ дауыс беру күні толтырылған бюллетеньдерді фотоға немесе видеоға түсіріп, оны таратуға тыйым салу ұсынылады. Құжат авторлары мұндай әрекеттерді сайлауалды үгітпен теңестіреді.

Түзетулердің тағы бір бөлігі Конституциядағы жаңа нормаларды іске асыруға арналған. Оның ішінде Құрылтай институтын қалыптастыру, пропорционалды сайлау жүйесіне көшу, Президент пен Құрылтай арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу, сондай-ақ жалпыхалықтық референдум өткізу мәселелері қамтылған.