Астананың мәртебесін айқындайтын жаңа конституциялық заң қабылданды

Конституциялық заңда астана мәслихаты мен әкімдігінің өкілеттіктері де нақтыланған

Астананың мәртебесін айқындайтын жаңа конституциялық заң қабылданды
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Парламент «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Құжат астананың құқықтық мәртебесін нақтылауға, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға және тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыруға бағытталған.

Заңда астананың республиканың саяси, әкімшілік, мәдени және экономикалық орталығы ретіндегі рөлі айқындалады. Сонымен қатар құжат елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуын қамтамасыз ету, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру және халықаралық байланыстар орталығы ретіндегі маңызын күшейту тетіктерін қамтиды.

«Конституциялық заңда астана мәслихаты мен әкімдігінің өкілеттіктері де нақтыланған. Атап айтқанда, мәслихатқа шетелдік жергілікті өкілді органдармен халықаралық байланыстар орнату, мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелері мен өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы келісім жобаларын қарау, сондай-ақ қала құрылысы регламенттері мен аумақты игеру схемаларын бекіту құқығы беріледі», – деді Мәжіліс депутаты. «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов.

Ал әкімдікке реконструкция нысандарын жобалау, салу және пайдалануға беру мерзімдерін бақылау, апатты жағдайдағы көпқабатты тұрғын үйлерді бұзу жұмыстарын ұйымдастыру, қаланың бірыңғай сәулеттік келбетін сақтау және дизайн-код талаптарын орындау міндеттері жүктеледі. Сонымен бірге жөндеуге жататын тұрғын үйлердің тізімін айқындау және жол қозғалысын ұйымдастырудың кешенді схемасын әзірлеу де әкімдік құзыретіне енгізілген.

Заң аясында қала аумағы, қала маңы аймағы және астана инфрақұрылымына қатысты бірқатар мәселелер де реттеледі. Құжатта орманды-саябақ аймағы қорғаныстық, экологиялық және рекреациялық функция атқаратын арнайы аумақ ретінде белгіленген. Оның шекарасын айқындау немесе өзгерту туралы шешімді Үкімет астана әкімдігінің ұсынысы негізінде қабылдайды.