Қазақстан әлемдегі беделі жоғары 70 елдің қатарына енді

Еліміз Орталық Азия мемлекеттері арасында ең үздік нәтиже көрсетіп, ТМД кеңістігінде екінші орынға тұрақтады

Қазақстан әлемдегі беделі жоғары 70 елдің қатарына енді
Фото: © istockphoto.com / sankai

Қазақстан CEOWORLD жариялаған 2026 жылғы ұлттық беделдің жаһандық индексінде 197 елдің ішінде 69-орынға тұрақтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстан 100 мүмкін ұпайдың 66,62-сін жинап, Орталық Азия елдері арасында ең жоғары нәтижені көрсетті. Ал ТМД мемлекеттері арасында екінші орын алды.

Посткеңестік елдер арасында Қазақстаннан жоғары тек бір мемлекет орналасқан. Рейтингте Беларусь – 89-орында, Армения – 93-орында, Әзербайжан – 101-орында, Өзбекстан – 134-орында, Қырғызстан – 145-орында, ал Тәжікстан – 160-орында тұр.

Индекс 10 негізгі бағыт бойынша 50 көрсеткіш негізінде жасалады. Олардың қатарында экономикалық әлеует, мемлекеттік басқару сапасы, ішкі және сыртқы саясат, инвестициялық тартымдылық, инновация мен технологиялардың дамуы бар.

Рейтингте Сингапур көш бастады.

CEOWORLD редакциялық алқасының мәліметінше, қазіргі таңда мемлекеттің беделі жай абстрактілі ұғым емес, халықаралық бәсекеге қабілеттілікке, ықпалға және тұрақты дамуға әсер ететін маңызды факторға айналған.

Зерттеу авторларының айтуынша, бұл индекс жаһандық көшбасшылыққа деген көзқарастың өзгергенін көрсетеді. Қазіргі әлемде сенім, тиімді басқару, инновация және мемлекеттердің халықаралық серіктестермен ұзақ мерзімді байланыс орната білу қабілеті барған сайын маңызды рөл атқарып отыр.

Сондай-ақ зерттеу авторларының пікірінше, этика, технологиялық даму және адамға бағытталған саясатты ұштастыра алған мемлекеттер болашақтағы әлемдік саясат пен экономиканың бағытын айқындайды.