«BIR TOLQYNDA»: «AMANAT» партиясы жастарды саясатқа жақындатады
Депутаттар университет жастарымен кездесіп, пікір алмасты
Астанада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті алаңында елордалық студенттер мен «AMANAT» партиясының өкілдері бас қосқан «BIR TOLQYNDA» ашық дәрісі өтті. Партияның «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған іс-шараға әлеуметтік желілер арқылы алдын ала іріктеуден өткен 100-ден астам студент қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Еркін форматта өткен кездесуде Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Айдос Сарым, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ, партия Хатшысы Александр Данилов, «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова, сондай-ақ қалалық және аудандық мәслихат депутаттары жастар алдында сөз сөйледі.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Айдос Сарым аса жоғары жылдамдықпен өзгеріп жатқан әлемге бейімделу қажет екеніне және интеллектуалдық дамудың маңызына ерекше тоқталды. Ол жуырда Мемлекет басшысы кітап оқу мәдениеті мен зерделі ұлт қалыптастыруды көздейтін «Кітап оқитын ұлт» жобасын іске қосу туралы Жарлыққа қол қойғанын еске салды.
«Әлем қарқынды дамып жатыр: шикізат ресурстарының рөлі төмендеп, цифрлық және платформалық экономика алдыңғы қатарға шығуда. Президент цифрландыруды негізгі бағыт ретінде айқындады, ал біздің міндетіміз – бәсекеге қабілетті мемлекет болу. Осы өзгерістерге сәтті бейімделу үшін жастар үнемі білімге ұмтылып, жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын болуы қажет», – деді Айдос Сарым.
Өз кезегінде, «AMANAT» партиясының Хатшысы Александр Данилов жобаның жаңа маусымы басталғанын жариялап, сарапшы жастар қауымын қалыптастырудың маңызына тоқталды.
«Бүгін біз «BIR TOLQYNDA» жобасының жаңа маусымын бастап отырмыз. Шын мәнінде, 1 шілдеден бастап, жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін, бәріміз жаңа өмір шындығына қадам басамыз. Ол – әділетті, тиімді және ашық қоғам. Жастардың осы ауқымды саяси және қоғамдық үдерістің бел ортасында болуы – «AMANAT» партиясы үшін аса маңызды. Сондықтан бүгіннен бастап Астанада және кейін тұтас ел аумағында Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттарымен, қалалық және аудандық мәслихат депутаттарымен, сондай-ақ қоғам қайраткерлерімен бірге жастарды саясатқа жақындата түсуге күш саламыз. Көп жағдайда саясат алыстағы дүние болып көрінеді. Алайда шын мәнінде ол әрбір жас азаматтың өміріне тікелей әсер етеді. Алдағы уақытта осы жоба арқылы жас көшбасшылардың, саясаткерлер мен қоғам белсенділерінің жаңа буыны қалыптасады деген сенімдемін», – деді Александр Данилов.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ құқықтық сауаттылық пен заңнама мәселелеріне ерекше назар аударды.
«Қазақстанда қабылданған жаңа Конституция – ең алдымен болашақ ұрпақтың, жастардың Конституциясы. Себебі онда сіздердің еркін өмір сүрулеріңізге, құқықтарыңыз бен бостандықтарыңызды қорғауға негіз болатын басты құндылықтар айқындалған. Қоғамдық және саяси белсенді жастардың құқықтық мәдениеті жоғары болуы аса маңызды. Өйткені шынайы белсенділік – тек эмоцияға ерік беру емес. Ол – жауапкершілік, заңды құрметтеу, өз ұстанымыңды біліммен, табандылықпен және мәдениетпен қорғай білу. Елдің ертеңі белсенді ғана емес, құқықтық сауатты жастардың қолында», – деді Үнзила Шапақ.
Осы орайда, «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова аталған бастаманың ауқымы туралы баяндады. Оның айтуынша, «BIR TOLQYNDA» жобасы – оң өзгерістерге ұмтылатын саналы жастардың бірегей алаңы. Бұл алаң студенттерге жаңа білім ұсынып қана қоймай, олардың өз бастамаларын жеткізіп, сарапшылармен және саясаткерлермен тікелей диалог орнатуына мүмкіндік береді. Бүгінде жоба еліміздің барлық өңірін қамтып, Алматыдағы ірі жоғары оқу орындарында және облыс орталықтарында кездесулер өткізілуде.
Дәріс соңында ең белсенді студенттерге Ричард Нельсонның «Великие генералы» және Саймон Джонсонның «Прогресс» кітаптары табысталды. «Жастар Рухы» жастар қанаты алдағы уақытта да «BIR TOLQYNDA» жобасын жастарды еліміздің қоғамдық-саяси өміріне тартудың және маңызды студенттік бастамаларға қолдау көрсетудің тиімді құралы ретінде дамыта береді.