АҚШ-тан Жапонияға дейін: президент Алтын Орда мұрасы әлем ғалымдарын қызықтырып отырғанын айтты

Президенттің сөзінше, түрлі ел ғалымдарын тоғыстырған симпозиум Ұлы дала тарихын терең зерделеуге тың серпін береді

АҚШ-тан Жапонияға дейін: президент Алтын Орда мұрасы әлем ғалымдарын қызықтырып отырғанын айтты
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда тарихын зерттеу халықаралық ғылыми қызығушылыққа ие ортақ мұра екенін атап өтіп, бұл бағыттағы зерттеулерді жаңа деңгейге көтерудің маңызын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президенттің сөзінше, түрлі ел ғалымдарын тоғыстырған симпозиум Ұлы дала тарихын терең зерделеуге тың серпін беріп, адамзатқа ортақ тарихи мұраны жүйелі зерттеуге жол ашады.

«Симпозиум Алтын Орда мен Ұлы дала тарихын зерделейтін түрлі мектеп өкілдерінің басын қосып отыр. Бұл – өте маңызды. Ұзақ жылдар бойы осы іргелі тақырыпты індете зерттеген ресейлік ғалымдардың рөлін атап өткен әділетті болар еді. Олар Алтын Орданың тыныс-тіршілігін жан-жақты сипаттайтын ғылымның мол қорын жинады. Сонымен қатар Алтын Орда тақырыбы бір ғана мемлекеттің шеңберінде шектеліп қалмай, Қытай, Моңғолия, АҚШ, Үндістан, Пәкістан, Жапония, Қырғызстан, Өзбекстан, Мысыр және бірқатар Еуропа елдері зерттеушілерінің назарын аударып, бүкіл әлемді шарлап кетті десек болады. Түптеп келгенде, Алтын Орда жылнамасы – адамзатқа ортақ тарих», – дейді президент.

Ол сөзін жалғай отырып, өтіп жатқан симпозиумның маңызын айрықша атап өтті.

«Бүгін өтіп жатқан бірегей симпозиум әлемдік ауқымдағы мұраны жүйелі зерттеу жұмысын жаңа сапалық деңгейге көтереді деп сенемін. Осы жерде отырған ғалымдар мен сарапшылар бұл міндетті іске асыруға елеулі үлес қосуда. Бұл маңызды жұмыста сіздер оң нәтижеге қол жеткізесіздер деп сенемін», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.