Көшпенділік туралы жаңаша көзқарас: Тоқаев дала өркениетін жаңаша түсіндіруді ұсынды

Ол өз сөзінде баспа саласына қатысты іргелі бастамаларды қолға алу қажет екенін айтты

Көшпенділік туралы жаңаша көзқарас: Тоқаев дала өркениетін жаңаша түсіндіруді ұсынды
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда мәселесін зерделеу бойынша іргелі бастамаларды қолға алуды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекет басшысының пікірінше, тарихи зерттеулер креативті индустриядан бастап цифрлық дәуірдегі «көшпенділік» ұғымын жаңаша түсіндіруге дейінгі бағыттарға негіз болуы тиіс.

«Мен жақында Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Дала өркениетін дәріптеуге арналған арнайы орталық құруды ұсындым. Сонымен қатар Алтын Орда мәселесін зерделеп жүрген шетел мамандарын жұмылдырып, баспа саласына қатысты іргелі бастамаларды қолға алу қажет. Креативті индустрия және медиа бағытындағы түрлі жобалар, ең алдымен, академиялық зерттеулерге арқа сүйеуі керек. Жаһандану, жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде көшпенділік, яғни, номадизм тұжырымдамасы туралы жаңаша көзқарас қалыптастыру – өте маңызды», – дейді президент.

Ол сөзін жалғай отырып, бүгінде бұл ұғымның сипатын «цифрлық көшпенділердің» жасампаз рухы мен сарқылмас күш-қуатынан айқын көруге болатынын тілге тиек етті.

«Әділдік, ашықтық және мәдениеттер диалогі – Дала өркениетіне арқау болған құндылықтар. Осы мемлекеттілік дәстүрін жан-жақты зерттеу бүкіл Орталық Еуразияның ұзақ мерзімді дамуына ықпал етері сөзсіз. Қазір бұл аймақ жаңа сипаттағы қайта өрлеу, яғни, ренессанс кезеңіне қадам басты деп айтуға болады», – дейді президент.