Алтын Орда дәуірі отандық тарихымыздың маңызды бөлігі – Тоқаев
Ұлы дала тарихы шексіз шайқас және ұрыстармен ғана бұрмаланған, дейді ол
«Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда дәуірі отандық тарихымыздың маңызды бөлігі, сонымен бірге біз бұл кезеңді ауқымды өркениет парадигмасы тұрғысынан қарастыратынымызды айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Көп халықтың тарихи жадында реформаторлар мен көрнекті ойшылдардың қалыпты тіршілігіне қарағанда, билеушілердің жорығы мен дарынды қолбасшылардың ерліктері сақталатынын жоғарыда айтып өттім. Расында, соғыстардағы аңызға айналған жеңістер адамдардың рухын оятады. Ал тағдыршешті мәні уақыт өте келе байқалатын институционалды жаңашылдықтар мен озық идеяларға көпшілік селт ете қоймайды», - дейді Тоқаев.
Президент атағандай, оған әлі күнге дейін Ұлы дала тарихының шексіз шайқастар мен ұрыстар ретінде бұрмаланып көрсетілуі нақты мысал бола алады.
«Мұндай сыңаржақ ұстаным Ұлы даланың, әсіресе, Алтын Орданың күрделі, көп қатпарлы өмір салтын әскери шежірелердің ойдан шығарылған өлшемдеріне салып, тарихи шындықтан алыстатады, оқиғаларды көмескілендіре түседі. Қазіргі ғылымның жоғары пәнаралық даму деңгейі Алтын Орда тарихын объективті зерттеу үдерістерін жетілдіруге мүмкіндік береді деп санаймын. Бүгінгі жиында аталған кезеңді зерттеп жүрген беделді ғалымдар бас қосып отыр. Осы орайда Алтын Орда тарихын пайымдау перспективасын кеңейтуге көмектесетін бірқатар ғылыми ізденіске байланысты өз ойымды қысқаша жеткізгім келеді», - деді ол.