Футболшылар небәрі 100 мың теңгеге ойнауға мәжбүр – «Астананың» бас бапкері
Ол команданың жаңа ойыншылармен келісімшарт жасасуына тыйым салынғанын айтты
«Астана» футбол клубының бас бапкері Григорий Бабаян футболшыларының көбісі 100 мың теңгеге ойнайтынын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елордалық клубтың бас бапкері өз сөзінде ойыншылардың осы себепті мотивациясы да болмайтынын тілге тиек етті.
«Біз ұзақ уақыттан бері үнсіз келдік. Осы ойынның алдында бізге назар аударады деп үміттендік. Футболшылардың көбісі 100 мың теңгеге ойнайды. Бұл дұрыс емес. Түптеп келгенде Қазақстан футболында мұндай жағдай тіптен жоқ. Команданың капитаны Томасов та дәл осындай ақшаға ойнайды. Осыдан кейін мотивация қайдан болсын!?» – дейді Григорий Бабаян.
Ол сөз арасында жағдай өзгермей тұрғанын айрықша атап өтті.
«Біз бірнәрсе өзгереді деп үміттендік. Алайда қор бізге жаңа ойыншылармен де, қазіргі футболшыларымызбен де келісімшарт жасауға тыйым салды. Соның салдарынан олар өте аз жалақыға ойнауға мәжбүр болып жүр. Міне, осы себепті олардың әлі де алаңға шығып, барын салып жүргенінің өзін бағалауымыз керек», – дейді «Астананың» бас бапкері.