Ақтауда экологиялық талаптарға сай жаңа жағалау кешені салынады

Жобаны толықтай аяқтау 2029 жылдың қаңтарына жоспарланып отыр

Ақтауда экологиялық талаптарға сай жаңа жағалау кешені салынады
Фото: облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтау қаласындағы Каспий теңізінің жағалауында бой көтеретін заманауи жағалау бойы құрылысының жобасымен танысты. Ауқымды жоба өңірдің туристік әлеуетін арттырып, тұрғындар мен қонақтар үшін жайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыруды көздейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жаңа нысанның жалпы ұзындығы шамамен 4,5 шақырымды құрайды, ал жобаны іске асыру жұмыстары бес кезеңге бөлінген. Жобаны жүзеге асыруға бірнеше ұйым жұмылдырылған. Атап айтқанда, тапсырыс беруші ретінде Ақтау қалалық құрылыс бөлімі белгіленген. Инвестор міндетін NCOC N.V. компаниясы атқаруда. Ал мердігер мекеме ретінде Нұрсат жұмыс жүргізіп жатыр.

Мәліметке сәйкес, құрылыс жұмыстары 2026 жылдың сәуір айында басталған. Жобаны толықтай аяқтау 2029 жылдың қаңтарына жоспарланып отыр.

Жағалау бойында серуендеу жолдары, велосипед және жүгіру жолдары, фонтандар, скейт-парк, балалар мен спорт алаңдары, фудкорттар мен демалыс орындары салынады. Сондай-ақ заманауи жағажайлар және балалар бассейндері бой көтереді.

Құрылыс барысында Каспий теңізінің экожүйесін сақтауға бағытталған заманауи инженерлік шешімдер қолданылады. Жарықтандыру жүйелері күн энергиясымен жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар аумақты ауқымды түрде көгалдандыру және архитектуралық сәндік шамдар орнату көзделген.

Жобаны таныстыру барысында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жаңа нысанның сәулеттік келбеті өңірдің тарихи-мәдени ерекшеліктерін айшықтауы тиіс екенін атап өтті.

«Маңғыстауға келетін қонақтар мен жергілікті тұрғындар өңірдің ерекше рухын сезінуі керек. Сондықтан жобада ұлттық құндылық, дәстүрлі ою-өрнектер мен жергілікті ерекшеліктер көрініс табуы маңызды. Бұл бағытта ақсақалдармен және жұртшылық өкілдерімен кеңескен жөн. Бірінші кезеңнің құрылысын жеделдетіп, ең бастысы, жұмыс сапасына ерекше мән беру қажет», — деді өңір басшысы.

Сондай-ақ әкім пирс маңында халыққа қызмет көрсететін яхта иелері үшін де жайлы жағдай жасауды тапсырды. Жоба толық іске асқан соң Ақтауда халықаралық деңгейдегі заманауи жағалау бойы пайда болмақ.