Абай облысында оқушыларға арналған ауқымды технологиялық фестиваль өтті

Шара еліміздегі Цифрландыру және жасанды интеллект жылына орайластырылған

Абай облысында оқушыларға арналған ауқымды технологиялық фестиваль өтті
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысының қосымша білім беру жүйесін дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында Абай облысының Аягөз ауданында «Жас техниктер станциясы» ашылды. Жаңа нысанның іске қосылуына орай өңірде «Digital Urpaq: Ayagoz 2026» тұңғыш шығармашылық және технологиялық фестивалі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жаңа станцияда ауыл балалары робототехника, дрондарды басқару, цифрлық және инженерлік жобалармен тегін айналыса алады. Фестиваль бағдарламасына халықаралық FIRST стандарттары бойынша роботтар турнирі, Tiny Whoop Drone Race жарысы, CyberLab зертханалық сабақтары және көрмелер енді.

Дрондар жарысы мен симулятор бойынша өткен сайыстардың нәтижелері белгілі болды. Tiny Whoop Drone Race санатында 1-орынды Владимир Осипов иеленді. 2-орын Әнуар Сағаткеновке бұйырса, 3-орынды Арлан Ысқақов жеңіп алды. Drone Simulator бойынша бас жүлдені Әнуар Сағаткенов иеленді. Екінші және үшінші орындарды сәйкесінше Әлем Демеубаев пен Әділет Көкетай бөлісті. Командалық есепте 1-орынды Sky Study, 2-орынды SrbAir, ал 3-орынды AITL-DRONE командалары қанжығаларына байлады.

6 жастан 18 жасқа дейінгі оқушылар арасында өткен роботтар сайысы да тартысты өтті. FIRST LEGO League Challenge (10–16 жас) санатында «Nova» командасы алтыннан алқа тақса, «Найзағай» мен «BrainSpark» үздік үштікке енді.

Ең жоғары FIRST Tech Challenge (12–18 жас) деңгейінде «Tuganjer» командасы Winning Alliance Captain номинациясын жеңіп алып, бас жүлдені иеленді. Олармен бірге «KAP», «Tolgyn» және «Berkut» құрамалары үздік альянстар қатарынан көрінді.

Бұл жоба Оқу-ағарту министрлігі мен «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен, «Jasampaz Urpaq» бастамасы аясында іске асырылды. Шара еліміздегі Цифрландыру және жасанды интеллект жылына орайластырылған.