«Тыныс ал»: Семейде полицейлер жүрек талмасы ұстаған ер адамды құтқарып қалды (ВИДЕО)
Ер адам жүрегінің қатты ауырғанын айтып, есінен танып қала жаздаған
Семейде полиция қызметкерлері жүрек талмасы ұстап қалған ер адамға дереу көмекке жетіп, құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция аға лейтенанты Асхат Шаяхметов пен полиция лейтенанты Нұрсұлтан Қуанышбаев қаланың орталық бөлігін патрульдеу кезінде жекеменшік секторды аралап жүріп, қараңғы тұйықта үй қабырғасына сүйеніп тұрған ер адамды байқап қалған. Полицейлер жағдайына бірден назар аударып, көмек қажет пе екенін білу үшін жанына барған.
Ер адам жүрегінің қатты ауырғанын айтып, есінен тана бастайды. Уақыт жоғалтпаған тәртіп сақшылары рация арқылы жедел жәрдем шақырып, ер адамды қауіпсіз қалыпқа жатқызып, дәрігерлер келгенше онымен сөйлесіп, есінен танып қалмауына көмектескен.
«Тыныс ал… ең бастысы, тыныс ал», – дейді полицейлердің бірі.
Полиция қызметкерлері бірнеше минуттан кейін жеткен жедел жәрдем қызметкерлеріне жағдайы нашарлаған ер адамды тапсырды.