Ауыл және қала мәртебесін өзгерту қиындайды: Қазақстанда аумақтық құрылым ережелері қайта қаралады
Шекаралардың өзгеруі заң аясында реттеледі
Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Парламент палаталарының бірлескен отырысында әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелері бойынша Конституциялық заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, заң жобасында әкімшілік-аумақтық бірліктерді айқындау, оларды құру, қайта ұйымдастыру және тарату тәртібін реттеу, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін белгілеу мәселелері қарастырылған. Сонымен қатар тарихи қалыптасқан өңірлік ерекшеліктер ескеріліп, әкімшілік-аумақтық бірліктердің санаттары бекітіледі.
«Әкімшілік-аумақтық бірліктер санатына сәйкес, қалалық елді мекендерге барлық деңгейдегі қалалар, ал ауылдық елді мекендерге әкімшілік бағыныстылығына қарамастан барлық ауылдар мен кенттер жатады», – деді Омарбеков.
Заң жобасында президент, үкімет және мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктерді нақты бөлу көзделген.
«Президент облыстар мен аудандарды құрады және таратады, сондай-ақ елді мекендерді республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар санатына жатқызады. Үкімет президенттің қарауына облыстар мен аудандарды құру немесе тарату, сондай-ақ әкімшілік-аумақтық құрылысқа қатысты өзге де мәселелер бойынша ұсыныстар енгізеді», – деп түсіндірді вице-министр.
Құжатта жергілікті өкілді және атқарушы органдардың өкілеттіктеріне қатысты өзгерістер де бар. Олардың қатарына елді мекендерді ауыл немесе кент санатына жатқызу, әкімшілік бағыныстылығын анықтау, шекараларын бекіту және өзгерту секілді мәселелер енгізілген.
Сонымен қатар заң жобасында қала, ауыл және кент мәртебесіне қойылатын нақты талаптар белгіленеді.
«Бұл елді мекендердің мәртебесін негізсіз өзгертуге жол бермеуге мүмкіндік береді. Мұндай рәсім әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен тұрғындардың пікіріне сүйене отырып, белгілі бір уақыт кезеңінде ғана жүзеге асырылады», – деді Омарбеков.
Вице-министрдің сөзінше, цифрландыру талаптарын ескере отырып, әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың шекараларын ақпараттық жүйеде есепке алу және тіркеу өкілеттіктері де бекітіледі.
Сондай-ақ елді мекендердің шекарасын белгілеу және өзгерту бас жоспарлар немесе даму схемалары негізінде жүргізіледі.
Заң жобасында бұдан бөлек:
– әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелерін шешуге қажетті құжаттар тізбесін белгілеу;
– қала құрылысы мен аумақтық жоспарлау арасындағы байланысты күшейту;
– әкімшілік-аумақтық бірліктерге атау беру және оларды өзгерту кезінде мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін бекіту нормалары қарастырылған.
Парламент «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Парламент палаталарының заң жобасы жөніндегі бірлескен комиссиясының құрамына Мәжілістен депутаттар Мұқаш Ескендіров, Данабек Исабек, Руслан Қожасбаев және Еркебұлан Мәмбетов, Сенаттан депутаттар Жанна Асанова, Әли Бектаев, Жанболат Жөргенбаев және Бауыржан Қаниев кірді. Комиссия төрағасы болып Әли Бектаев сайланды.