Қазақстанда жатыр мойны обырына қарсы екпе енді 17 жасқа дейін салынады

Енді адам папиллома вирусына қарсы екпе 14–17 жас аралығындағы қыздарға ерікті түрде салынады

Қазақстанда жатыр мойны обырына қарсы екпе енді 17 жасқа дейін салынады
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда адам папиллома вирусына қарсы вакцинация бағдарламасы кеңейтілді. Енді екпе ерікті түрде 14 пен 17 жас аралығындағы қыздарға да салынады,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Адам папиллома вирусына қарсы вакцинацияға қолжетімділікті кеңейту қажеттігі туралы ата-аналар мен азаматтардан көп өтініш түсуіне байланысты Денсаулық сақтау министрлігі иммундауға жататын қыздардың жас санатын кеңейту туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 14–17 жас аралығындағы қыздарға қосымша HPV вакцинациясын жүргізу туралы қаулысына қол қойылды», – делінген министрлік таратқан хабарламада.

Енді вакцина ерікті түрде 14 жастан 17 жас 11 ай 29 күнге дейінгі жасөспірім қыздарға қолжетімді болады.

Министрліктің мәліметінше, адам папиллома вирусына қарсы иммундау бағдарламасы басталғалы бері 11–13 жас аралығындағы қыздарға 398 мыңнан астам профилактикалық екпе салынған. Осы уақыт ішінде вакцинадан кейін жағымсыз реакциялар тіркелмеген.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сәйкес, HPV инфекциясы әлемдегі барлық онкологиялық аурулардың шамамен 5 пайызына себеп болады. Бағалау бойынша, АПВ-мен байланысты қатерлі ісік жыл сайын 625,6 мың әйел мен 69,4 мың ер адамнан анықталады», – деп атап өтті ведомство.

Министрліктің мәліметінше, адам папиллома вирусының жоғары қауіпті 16 және 18 типтері негізінен жатыр мойны обырының дамуына әкеледі. Әлемде бұл дерттен жыл сайын шамамен 300 мың әйел көз жұмады. Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының 2 мыңға жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Оның ішінде 600–700 әйел қайтыс болады.