Өскеменде мәслихат депутаты 5 млн теңге пара беремін деп 100 млн теңге айыппұл арқалады
Ол енді мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды
Өскеменде кәсіпкер әрі депутат Дмитрий Сомовқа 100 миллион теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкім Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жарияланды. Бұған дейін Сомов лауазымды тұлғаға пара берді деген күдікпен ұсталған болатын. Тергеу мәліметінше, «Востоквзрывпром» ЖШС-нің басшысы өзіне қарасты компаниялардың құрылыс нысандары бойынша төлемді жедел алу үшін Өскемен қалалық құрылыс бөлімінің басшысына орындалған жұмыстардың актілеріне тезірек қол қою мақсатында 5 миллион теңге берген.
Қылмыстық іс сотқа кінәні мойындау туралы процестік келісіммен түскен. Яғни, сотталушы өзіне тағылған айып пен іс бойынша жиналған дәлелдерді дауламаған.
«Сот С.-ны Қылмыстық кодекстің 367-бабы (Пара беру) бойынша кінәлі деп танып, оған пара сомасының жиырма еселенген мөлшерінде – 100 000 000 теңге айыппұл тағайындады. Сондай-ақ өмір бойына мемлекеттік қызметте, судья лауазымында, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банк пен оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан айырылды», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Бұдан бөлек, үкімде сотталған азаматты «Еңбек Даңқы» ІІІ дәрежелі орденінен айыру туралы Қазақстан президентінің атына ұсыныс енгізілгені көрсетілген.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.