Атыраудағы бір отбасының өлімі: Ақбаян Мұқанғалиеваның қылмысқа қатысы жоқ екені анықталды
Ішкі істер министрінің орынбасары мәлімдеме жасады
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Мәжіліс кулуарында Атырау облысындағы ауылда бір отбасының қаза табуына қатысты іске түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, күдікті Сұлтан Сәрсемалиевтің бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның бұл қылмысқа қатысы жоқ.
«Менің басқа айтар ешнәрсем жоқ. Тек айтарым, Сарсемалиевтің бұрынғы жұбайына қатысты стационарлық психологиялық-психиатриялық сараптама әлі де жүргізіліп жатыр. Ол да күдікті ретінде танылған, алайда қылмыстық іс жеке өндіріске бөлінген. Оның кісі өлтіруге қатысы тексерілді. Бұл бөлікте оған айып тағылған жоқ», – деді Санжар Әділов.
Сонымен қатар ол аталған іске байланысты облыс прокуратурасы да тиісті түсініктеме бергенін еске салды.
Айта кетейік, осыған дейін экс-күйеуі отбасын түгел өлтірген Ақбаян Мұқанғалиева жындыханаға түскені хабарланған.