«Тұрғындардың мазасын алады»: Асхат Аймағамбетов алаяқтардың қоңырауларына автоматты түрде тосқауыл қоюды талап етті

Алаяқтар шетелдік нөмір арқылы қоңырау соғып, халықтың мазасын алады, дейді депутат 

«Тұрғындардың мазасын алады»: Асхат Аймағамбетов алаяқтардың қоңырауларына автоматты түрде тосқауыл қоюды талап етті
Фото: Azattyq Ruhy, Әбілқасым Есентаев

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов автоматты түрде қоңырау шалу арқылы азаматтарды мазалау, шетелдік нөмірлер арқылы жасалатын алаяқтық шабуылдар және мобильді операторлар арасындағы инфрақұрылымды ортақ пайдалану мәселесін қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Асхат Аймағамбетовтің  айтуынша, автоматты хабарласуға тыйым салу бойынша ұсыныс бұған дейін де талқыланғанымен, нақты шешім әлі қабылданбаған. Ол бұл мәселені бұйрық деңгейінде реттеу идеясы айтылғанын, алайда бірнеше ай өтсе де, нәтиже жоқ екенін атап өтті.

«Қайта-қайта қоңырау шалу арқылы азаматтарды мазалау кәдімгідей үлкен проблемаға айналды. Бұған техникалық тұрғыда қандай шектеу қойылады? Шетелдік нөмірлер арқылы жасалатын алаяқтыққа қандай тосқауыл бар?» – деді депутат Жаслан Мәдиевке қарата айтқан сөзінде.

Сондай-ақ ол мобильді операторлар арасындағы бәсекелестікті арттыру және тарифтерді төмендету үшін инфрақұрылымды ортақ пайдалану тәжірибесін енгізу мәселесін көтерді.

«Еуропа мен АҚШ-та әр оператор жеке кабель тартпайды, инфрақұрылым ортақ пайдаланылады. Бізде де осындай норманы енгізу тиімді емес пе?» – деді депутат.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бұл ұсыныстарға қатысты түсінік беріп, қайта хабарласу мәселесі қарастырылатынын айтты.

«Автодозвон» деген ұсынысты қарастырамыз, оны егжей-тегжейлі талқылаймыз», – деді министр.

Ал инфрақұрылымды ортақ пайдалану және нарықтағы бәсекелестікке қатысты ол қазіргі модель нарықтық қағидаттарға негізделгенін атап өтті.

«Бізде қазір үш мобильді оператор бар, сондай-ақ бірнеше оптикалық операторлар жұмыс істейді. Нарықтың өзі бұл мәселені шешеді. Егер табыстың нормасы мүмкіндік берсе, жаңа операторлардың келуіне де жағдай бар. Жалпы алғанда, нарық бәсекелестік арқылы реттеледі», – деді министр.