«Алло, бұл – Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкері»: алаяқтар жаңа айла-тәсілге көшті

Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтарға үндеу жасады

«Алло, бұл – Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкері»: алаяқтар жаңа айла-тәсілге көшті
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда алаяқтар жаңа тәсілге көшті. Енді ақша жымқыруды мақсат еткен алаяқтар өздерін Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкері ретінде таныстыруға көшті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алаяқтар қызмет түрін шұғыл түрде растау, тіркеу деректерін жаңарту немесе мобильді қосымша арқылы міндетті растаудан өту қажет екенін айтып, азаматтарды түрлі қосымшалар жүктеуге, күмәнді сілтемелерге өтуге, авторизациядан өтуге, SMS-кодтарды, ЭЦҚ деректерін немесе өзге де жеке мәліметтерді енгізуге көндіреді.

«Алаяқтар қызметті «әр екі жыл сайын растау қажет» деген желеумен e-Salyq mobile немесе басқа қосымшаларды жүктеуді талап етіп, орындалмаған жағдайда қызметтің тоқтатылатынын айтуы мүмкін. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді және алаяқтық схема болып саналады. Мемлекеттік кірістер комитеті мұндай мазмұндағы қоңыраулар шалмайды, сондай-ақ телефон арқылы мобильді қосымшаларды жүктеуді, растау кодтарын, банк картасының деректерін, ЭЦҚ кілттерін, парольдерді беруді немесе бөгде сілтемелерге өтуді талап етпейді», – делінген Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарламасында.

Азаматтарды сақ болуға шақырамыз:

  • белгісіз тұлғалардың телефон арқылы берген нұсқауларын орындамаңыз;
  • SMS-кодтарды, парольдерді және ЭЦҚ деректерін ешкімге бермеңіз;
  • ақпаратты тек МКК-ның ресми ақпарат көздері арқылы тексеріңіз.

Осындай қоңыраулар түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатуды ұсынамыз.