Астанадағы кіші Талдыкөлден заңсыз су алғандарға айыппұл салынған
Осыған дейін бірнеше рет заң бұзу деректері анықталған
Астана қаласындағы Кіші Талдыкөл көліне қатысты құрылыс қалдықтары мен жағалаудың пайдаланылуы жөніндегі шағымдарға байланысты экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, қазір көлдің қорғауға жататын белдеулері белгіленіп жатыр.
«Есіл бассейндік инспекциясы түскен шағымдар бойынша бірнеше рет тексеру жүргізіп, заң бұзуды анықтады. Оның ішінде заңсыз су алу деректері бойынша бірнеше айыппұл салынды», – деді Шәрбиев үкіметтегі брифингте.
Ол экологиялық талаптардың сақталуын бақылау күшейіп жатқанын атап өтті. Кейбір учаскелер бойынша сот шешімдері қабылданып, оларды сақтау туралы әкімдікке арнайы нұсқамалар жолданған.
«Сот шешімімен сақталуы тиіс аумақтар бойынша біз әкімдікке су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу туралы бірнеше тапсырма жібердік», – деді ол.
Сонымен қатар, ол Талдыкөл маңындағы экопарк жобасы әлі де жобалау сатысында екенін, барлық келісу рәсімдері толық аяқталмағанын да айтты. Қазіргі таңда кейбір жерлер бойынша сот және жобалық рәсімдер жалғасып жатқандықтан, су қорғау аймақтарының нақты шекарасы әлі де нақтыланып жатыр.