Алматыда екі күнде айлық жауын-шашын мөлшерінің жартысы жауды

Қала тұрғындары мен қонақтарына сақ болу ескертілді

Алматыда екі күнде айлық жауын-шашын мөлшерінің жартысы жауды
Фото: Almaty Joly

Алматыда екі күннен бері толассыз жаңбыр жауып, айлық жауын-шашын мөлшерінің жартысы түсті. Қазір коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй инспекциясы басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy  Almaty Joly Telegram арнасына сілтеме жасап.

Алматыда жауын-шашынның рекордтық көлемі тіркелген. 10 мамыр сағат 11:00-ден 11 мамыр кешкі 20:00-ге дейін қалада 50,4 мм жауын жауған. Бұл мамыр айындағы айлық норманың 51 пайызына тең. Айлық көрсеткіш – 99 мм.

Коммуналдық қызметтер су басу қаупінің алдын алу және локалды су жиналған аумақтарды тазарту үшін күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

Қосымша түрде Алматы қаласының құтқару қызметі де кезекшілікке тартылған. Олар ассенизаторлық көлік пен 15 мотопомпамен жабдықталған. Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан 53 арнайы техника мен 240 қызметкер жұмылдырылған.

«Қала инфрақұрылымының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін бір тәулік ішінде жалпы саны 3 080 жол жұмысшысы мен 1 225 арнайы техника жұмылдырылды. Жедел әрекет ету үшін 2 300 қап құм дайындалды», – делінген хабарламада.

Синоптиктердің болжамынша, 12 мамыр күні Алматыда ара-тұра жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Ал 13 мамырда жауын-шашын тоқтайды деп күтіліп отыр.

Алматы тұрғындары мен қала қонақтарынан сақтық шараларын сақтап, коммуналдық қызметтердің жұмысына түсіністікпен қарау сұралды.