Бектенов Индонезия министрімен инвестициялық байланыстарды нығайту мәселесін талқылады

Қазақстан Индонезияға негізінен өңдеу өнеркәсібі, металлургия және химия өнімдерін экспорттайды

Бектенов Индонезия министрімен инвестициялық байланыстарды нығайту мәселесін талқылады
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Астанада ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Индонезияның экономикалық мәселелер жөніндегі үйлестіруші министрі Аирлангга Хартарто кездесті. Тараптар екі ел арасындағы тауар айналымын арттыру мен инвестициялық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Индонезия – Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі. Кездесуде екіжақты сауданың оң динамикасы атап өтілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 244,7 млн долларға жетсе, 2026 жылдың І тоқсанында, яғни қаңтар-наурыз айларында бұл көрсеткіш 31,5 млн долларды құрады.

Қазақстан негізінен өңдеу өнеркәсібі, металлургия және химия өнімдерін экспорттайды. Ал Индонезиядан елімізге электроника мен тоқыма бұйымдары жеткізіледі.

Олжас Бектенов пен Аирлангга Хартарто ынтымақтастықтың әлеуеті зор бірнеше салаға тоқталды. Тараптар тек тауар алмасумен шектелмей, бірқатар бағытта кооперацияны дамытуға мүдделі. Атап айтқанда, индустрия және энергетика салаларында өнеркәсіптік жобаларды бірлесе іске асыру, ауыл шаруашылығында азық-түлік өңдеу мен экспортты ұлғайту, цифрлық экономика мен қаржы секторында исламдық банкинг және IT саласындағы серіктестікті кеңейту, сондай-ақ білім мен туризм бағыттарында екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайту көзделген.

Кездесуде көлік дәліздерінің әлеуетін пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазақстан Индонезия компаниялары үшін Орталық Азия, ЕАЭО, Кавказ және Еуропа нарықтарына шығатын стратегиялық алаң бола алады.

«Қазақстан Индонезиямен сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге үлкен мән береді. Біз бұл көрсеткіштерді ұлғайтуда елеулі әлеует бар деп санаймыз, сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Өз кезегінде Аирлангга Хартарто Индонезия тарапының іскерлік байланыстарды нығайтуға және жаңа жобаларды қолдауға дайын екенін растады.