Ұлытау облысында құтқарушылар ер адамды өрттен аман алып қалды

Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде үй ішін түтін басып, от лаулап жатқан

Ұлытау облысында құтқарушылар ер адамды өрттен аман алып қалды
Фото: ТЖМ

Ұлытау облысының Қаражал қаласында құтқарушылар жанып жатқан үйден ер адамды шығарып, жойқын жарылыстың алдын алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға Қаражал қаласындағы Шайхин көшесінің бойында орналасқан жер үйлердің бірінде болған. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде үй ішін түтін басып, от лаулап жатқан.

Жедел әрекет етудің нәтижесінде құтқарушылар іштен 1971 жылы туған ер адамды алып шықты. Ол иіс тию белгілерімен дереу ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта оған медициналық көмек көрсетілуде.

Төтенше жағдайлар министрлігі мамандарының кәсібилігі жойқын жарылыстың алдын алуға мүмкіндік берді. Өрт сөндіру кезінде үй ішінен әрқайсысы 27 литрлік 6 газ баллоны қауіпсіз жерге шығарылды.

«Бұл әрекет жарылыс қаупін сейілтіп, оқиғаның бұдан да ауыр зардаптарға әкелуіне жол бермеді», — деп атап өтті мекеме өкілдері.

Жалпы аумағы 10 шаршы метрді шарпыған тілсіз жау толықтай ауыздықталды. Мамандар қазіргі уақытта өрттің шығу себебін анықтап жатыр.