Шымкентте есірткі таратумен айналысып жүрген жас жігіт қылмыс үстінде ұсталды (ВИДЕО)

Оның граффити салумен де айналысқаны белгілі болды

Шымкентте есірткі таратумен айналысып жүрген жас жігіт қылмыс үстінде ұсталды (ВИДЕО)
Фото: Шымкент ПД/Видеодан скрин

Шымкент қаласында синтетикалық есірткі таратумен айналысқан жас жігіт қылмыс үстінде ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тексеру кезінде одан өткізуге дайындалған психотроптық зат салынған 40-қа жуық орама тәркіленді. Тергеу барысында күдіктінің қала аумағында есірткіні арнайы жасырын орындарға қалдырып, олардың координаттарымен мессенджер арқылы бөлісіп отырғаны анықталды.

Сонымен қатар, ұсталған азаматтың қаладағы ғимараттар мен қабырғаларға есірткі сататын интернет-ресурстарды жарнамалайтын граффити салумен де айналысқаны белгілі болды.

Аталған жайттар бойынша қылмыстық істер қозғалып, тергеу әрекеттері жүргізілуде.

«Қазіргі таңда Шымкент қаласында есірткі жарнамасын анықтау және оны жоюға бағытталған «Стоп-граффити» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Шара аясында оқу орындарының маңында орналасқан 400-ге жуық наркограффити жойылды. Есірткінің заңсыз айналымының жолын кесу және есірткі жарнамаларын жою бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасады», – делінген қалалық ПД хабарламасында.