Алматыда ер адам экс-жұбайының қыр-соңынан қалмай, орынсыз мазалағаны үшін сотты болды

Алматыда сталкинг дерегі дер кезінде тоқтатылды

Алматыда ер адам экс-жұбайының қыр-соңынан қалмай, орынсыз мазалағаны үшін сотты болды
Фото: istockphoto.com

Алматы қаласының тұрғыны бұрынғы жұбайы үздіксіз қудалағанын айтып, полицияға жүгінген. Аталған өтініш негізінде полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тергеу барысында дәлелді айғақтар жиналып, күдікті азамат жедел түрде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Іс материалдары сотқа жолданды.

Сот шешімімен ер адамға 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі жаза тағайындалып, оған қатысты пробациялық бақылау белгіленді.

«Азаматтардың жеке қауіпсіздігі мен психологиялық жай-күйіне нұқсан келтіретін кез келген қудалау әрекеттеріне құқықтық тұрғыдан қатаң баға беріледі. Полиция мұндай деректерге жедел ден қойып, азаматтардың құқықтарын қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды», – деп атап өтті Медеу аудандық полиция басқармасы жанындағы бөлім басшысы Елдос Бақбергенов.