«Сен тек мендіксің»: Павлодарда ер адамның тамағын орып жіберген әйел бар шындығын айтты

Ол сот алдында жауап берді

«Сен тек мендіксің»: Павлодарда ер адамның тамағын орып жіберген әйел бар шындығын айтты
Фото: istockphoto.com

Павлодар облысында өткен жылдың желтоқсанында 36 жастағы әйел ер адамның тамағын пышақпен тіліп жіберген. Сот отырысында ол өз өмірін қорғамақ болғанын алға тартып ақталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Irbistv.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Павлодар облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімінде көрсетілгендей, әйел мен ер адам 2023 жылы егістік алқабында танысқан. Көп ұзамай екеуі жақын араласып, бірге тұра бастайды.

2025 жылдың желтоқсанында ер адам үйіне достарымен бірге ішімдік ішіп келеді. Олармен бірге әйел де спирттік ішімдік тұтынған. Таныстары кеткеннен кейін, ер адам қызғанышын көрсетіп, жанжал шығарған.

«Ол әйелді қызғанып, маңдайынан жұдырықпен ұрған. Соққыдан әйел матрасқа құлаған кезде, ер адам оның аяғынан теуіп, қолына ас үй пышағын алып: «Сен тек мендіксің, менен басқа ешкімге бұйырмайсың!» деп оған қарай ұмтылған. Әйел қорыққанынан оны итеріп жібергенде, ер адам қол жуғыштың шетіне соғылып, қолындағы пышағын түсіріп алған. Соған қарамастан, ол әйелге балағат сөздер айтып, қайта атылған. Әйел өз өміріне қауіп төнгенін сезіп, пышақты көтеріп алып, оны сермей бастайды. Ер адам қолымен ұрмақ болғанда, әйел пышақпен оны қағып жібермек болады. Бірақ ол пышақтың ер адамның мойнына тиіп кететінін білмеген», – делінген сот үкіміндегі айыпталушының жауабында.

Павлодарлық әйел пышақпен ер адамның күре тамыры мен кеңірдегін зақымдаған. Сотта ол тек өзін қорғағанын дәлелдеуге тырысты. Алайда сот оның әрекетінен «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» белгілерін анықтады. Үкімде әйел ер адамның қолынан пышақты қағып жібергеннен кейін, сол жерден кетіп қалуға мүмкіндігі болғаны, бірақ ол жанжалды жалғастыруды жөн көргені айтылған.

Айта кетерлігі, жәбірленуші де жанжалды өзі бастағанын мойындап, ешқандай шағымы жоқтығын мәлімдеді. Соған қарамастан, сот үкімімен әйел 3 жылға колонияға сотталды.